Новости

Ауыз бекіткен адам

DSC_02591Барша әлем мұсылмандары асыға, сағына күтетін Рамазан айына да санаулы күндер қалды. Осыған орай Семей өңіріндегі мешіттерде де даярлық жұмыстары қызу жүргізілуде. Жалпы, жылына бір келетін, әрбір минуты — қапы жібермеген адам үшін зор сауаптан тұратын «бұл ай несімен ерекше, ораза тұтушыға нені ескеру қажет?» деген сауалдар ауыз бекітуге ниет еткен көпшілікті де мазалайтыны белгілі. Осы мақсатта аптаның дүйсенбісінде ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін арнайы баспасөз жиынын өткізді. Басқосуға сонымен қатар бір мұнаралы Тас мешіт имамы Нұрбек Нәзілұлы мен Тыныбай мешітінің имамы Біржан Аманжолұлы да қатысты.

Жиында алғаш болып сөз алған өкіл имам Мақсат Қуанышұлы осы аптаның бейсенбісі – яғни, маусымның 18 жұлдызы Рамазан айының алғашқы күні екенін, бұл күні ораза ұстауға ниет етіліп, таң сыз берместен бұрын сәресі ішілетінін жеткізді. Сондай-ақ, бес парыздың бірі, дінімізде маңызды саналар бұл ғибадаттың ерекшелігіне де тоқталып өтті.

«Алла разылығы үшін ауыз бекіткен адам — Рамазан айының ерекше сыйынан үміт етеді. Бұл әрбір ақыл тоқтатқан мұсылман үшін парыз амал. Жалпы, Алла Тағала адам баласына бір амалды парыз етсе, онда оны орындау үшін күш-қуат пен мүмкіндікті де қоса береді. Себебі, Жаратушымыз ешкімге шамасы келмейтінді жүктемейді. Сондықтан да, осынау ерекше айда ораза ұстап, ізгі амалдармен шұғылданып, айналамызға жақсылық жасау арқылы еселеніп берілетін мол сауаптан үміт етейік», — деп атап өткен өкіл имам Оразаның шарттары, ауызашарға асығу мен сәресіге тұрудың қажеттілігі жайлы да тоқталып өтті.

Мақсат қажы Қуанышұлы сондай-ақ, осынау қастерлі айда хатым-ас берушілер мен той-томалақ жасаушылар бұл шараларды кешкісін, ауызашарға ұйымдастырса, зор сауап арқалайтынын да жеткізіп, жұртшылыққа өтініш те жасады. Өкіл имам айтып өткендей, биыл еліміз бойынша әрбір жан үшін берілетін пітір садақасы 200 теңгенің көлемінде екен. Ал Ораза 29 күнге ғана созылмақ. Рамазанның ең соңғы күні шілде айының 16-ы. Ертеңгісін 17 шілде, жұма күні таңғы сағат 7-00-де қаламыздағы барлық мешіттерде мерекелік айт намазы жамағатпен оқылады. Пітір садақасы осы мезгілге дейін берілуі тиіс.

Ал, өз кезегінде сөз алған мешіт имамдары, Нұрбек Нәзілұлы қайырымдылық жасап, ізгі амалға ұмтылудың маңыздылығына тоқталса, Біржан Аманжолұлы Оразаны бұзатын жағдайлар жөнінде түсінік беріп өтті. Айта кетуіміз керек, биылғы жылы да Орталық мешіттен, тарауих намазынан қайтқан жамағат үшін үш бағытқа арнайы көлік қатынасы ұйымдастырылмақ. Бұған қалалық мәслихат депутаты, «Таксопарк» ЖШС мекемесінің директоры Асқар Ширяев қол ұшын созбақ.

Биылғы Рамазандағы Қадір түні шілденің 13-нен 14-не қараған түні аталып өтілмек. Мың айдан қайырлы бұл кеште жергілікті телеарна арқылы уағыз-насихат айтылып, қала мешіттерінен тікелей эфирде ақпараттық-танымдық мағлұматтар берілмек. Бұл орайда мешіт имамдары тарапынан Қадір түнін өткізудің арнайы бағдарламасы жасалуда.

Биылғы Ораза қайырымдылық шараларына да толы болмақ. Атап айтсақ, орталық мешіт пен бір мұнаралы Тас мешітте және қарттар үйлерінде ауызашарлар берілмек. Одан өзге де қайырымдылық шараларын өткізу көзделуде. Рамазан айы — Жаратушысының разылығы мен шын бақытты іздеушілердің сыналар шағы. Ендеше, әлден рухымыздың сынып, нәпсіміздің назданып, ниетіміздің құбылуына жол бермегеніміз жөн.

Поделиться:
Автор:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Web Analytics